Главная » Табиғат және адам » Топан суға ерік жоқ!..

Топан суға ерік жоқ!..

Оңтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары  қарқын алуда. Бүгінде Жамбыл облысының тауларында қардың қарқынды еруі және жауын-шашынның көп жаууына байланысты ОҚО төтенше жағдайлар департаменті қызметі мен Түркістан, Арыс қалаларының, Отырар, Бәйдібек аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп жағалауларды бекіту және алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, кеше Отырар ауданында облыстық маңызы бар Шәуілдір – Ақдала тасжолының 3 шақырымындағы дамбаға ұзындығы 150 метр жерге 3000 дана қап топырақ салынған бөгеттер қойылды.

Дамбаны нығайту жұмыстарына аудандық төтенше жағдайлар мекемесі мен жергілікті атқарушы органның 50 қызметкері 4 техника жұмылдырылды.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, «Қазгидромет», «Қазсушар»  РМК, «Қазселденқорғау» ММ ОҚФ гидробекеттерінен су қоймалар мен өзендердегі су деңгейінің  толуы және ағындары бойынша күнделікті шұғыл ақпараттар алынуда. Олардың мәлімдеуінше, қазіргі танда облыс аумағындағы су тасу жағдайы қауіпті емес, өзендердегі судың деңгейі аумалы күйдегі деңгейден төмен, су қоймаларында судың деңгейі орта есеппен жобалық мөлшерінің 75%  құрайды.

Айта кетейік, Арыс өзеніне судың тасталуы көбейіп, ағын судың қарқындылығынан Ордабасы ауданындағы  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасындағы кіші көпірдің негізіндегі темір-бетон плиталары шайылып кеткен болатын.  Осыған байланысты Арыс өзені су ағынының бір бөлігі қашыртқы каналға бұрылып, нәтижесінде судың деңгейі төмендеді.  Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолындағы 2226 шақырымындағы көпірді қалпына келтіру жұмыстарын жол мамандары жүргізуде. Бүгінде жол қозғалысы  Ордабасы ауданы Темірлан елді мекеніндегі айналма жол арқылы ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің мәліметінше, 3 сәуірде жауын-шашын болжамына сәйкес өңірдегі аласа таулы өзендерінде жаңбырдың суы жиналуы, беткейлік ағынның пайда болуы күтіледі.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*