Главная » Қоғам » Тоқтатуға болады!..

Тоқтатуға болады!..

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасымен сәуір айының басында облыс әкімінің, барлық құзырлы органдар, Ішкі істер Департаменті, Жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасының аясында атқарылған жұмыстар талқыланды.

Оңтүстік Қазақстан өңірі ауыл шаруашылығының қай түрін болса да дамытуға ыңғайлы, түгін тартсаң майы шығады дейтіндей құнарлы топырағы, қолайлы ауа-райы бар берекелі жер. Өңірдің экономикасын өркендетуде мал шаруашылығының да қосар үлесі мол.

Алайда, маңдай терін төгіп, жатпай-тұрмай тірнектеп жинаған, өсірген малының қорадан да, өрістен де ұры-қарының қанжығасында кеткеніне күйініп, сол үшін құқық қорғау органдарының жұмысына өкпесі қара қазандай болып қапаланып жүрген ел де аз емес. Ұрылар жылқыны үйірімен, ұсақ малды табынымен айдап кетуден қаймықпайды. Өйткені, сатамын десе де, соямын десе де дайын тұрған делдал да бар, сойып-сататын орын да жеткілікті, ешкім ол малдың иесін де, құжатын да сұрап жатқан жоқ. Ал, ұрыны ұстауға, жоғалғанды табуға полицияның қауқары жеткіліксіз болып отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2011 жылдан бастап мал ұрлығы бізде күрт өскен. Осы жылдары мал ұрлығына байланысты 9 мыңның астам қылмыс тіркелген. Халыққа, кәсіпкерлерге миллиондаған шығын келген.

Өткен жылы жекелеген аудандарында мал ұрлығы 20-дан 53 пайызға дейін өскен. Ал, облыс бойынша мал ұрлығы қылмысының тек 22% ғана ашылған. Айта кетсек, Мақтаарал ауданында өткен жылы 172 мал ұрлығының тек 23-і ғана ашылған. Мырзакентте 64 мал ұрлығының 3-уі ғана ашылса, биылғы 9 мал ұрлығының бірде-біреуі ашылмаған.Бұндай жағдай барлық аудандарда орын алып отыр.

Былтырғы жылы, 176 учаскелік полиция инспекторының бекітілген әкімшілік аймақта тұрмайтыны, аудан орталығы немесе басқа елді-мекендерден қатынап жұмыс жасайтынын анықталды. Мәселен, Сарыағаш ауданының тұрғыны О. ұрланған 21 бас жылқысының 5-н өзі іздеп жүріп, Сайрам ауданынан тапқан, ал аудандық ішкі істер басқармасы істі созбалаңға салып тиісті тұлғалардан жауап алмаған, қажетті тергеу амалдарын уақытылы жүргізбеген.

Түркістан қаласы прокурорымен ірі көлемде мал ұрлығы жиі орын алатын Ораңғай, Бабайқорған ауылдық округтерінде, ұрлық болған жерді квадрокоптер арқылы бейнетүсіру жүргізумен қарау барысында, 7-10 шақырым айналасында ұрланған малды автокөлікке артуға бейімдеп, арнайы қазылған орындар анықталған.

Сондықтан, облыстық ішкі істер Департаментіне мал ұрлығы қылмысы бойынша арнайы жедел-тергеу тобын құруды, ұрлық жайылымдық жерде болған жағдайда оқиға орынын квадрокоптер құрылғысын пайдаланып қарап бейнетүсірілімді іс құжаттарына тіркеуді, әр ауылдық округтер учаскелік инспекторларына өзіне бекітілген аймақтағы мал саны, жайылым жерлер, ауылдан шығатын-кіретін жолдардың сызбасын, ұрлық орын алатын жерлерде үнемі рейд жүргізу ұсынылды.

Халық қорасындағы малының есепте болуы, сырғасы, құжаты болуы керектігін, ол болмаған жағдайда малды базарға шығаруға, тасымалдауға, сатуға, союға заң бойынша рұқсат етілмейтінін біле бермейді.

Міне сондықтан, жылдар бойы қордаланып қалған бұл кеселдің етек алып бара жатқанын ескере отырып, бұл дертті түбегейлі сауықтыру туралы шешім қабылдадық. Ол жұмысқа Жергілікті полиция қызметін, ішкі істер және басқа да құзырлы органдарды жұмылдырып, «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасын жүзеге асыра бастадық.

Ел арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын кеңінен ұйымдастырып, мал базары және мал сою орындары иелерімен кездесіп, заң талаптары түсіндірілді. Межеге-2017 жылдың 1 жартыжылдығында мал ұрлығы қылмысын 15%-ға дейін төмендетуді белгілеп, көкей тесті негізгі проблемаларды саралап, жобаға қатысушы әр органның атқарар жұмыстарын айқындап, олардан мәселеге жеткілікті көңіл бөлу талап етілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде биылғы жыл басынан мал ұрлығы қылмысы 30,6%-ға төмендеді. Құзырлы органдармен бірлесіп малды бірдейлендіру, тасымалдау, сату және сою мәселесіне байланысты екі тілде арнайы жадынама әзірленіп, ол тұрғындарға, тиісті орган қызметкерлеріне күнделікті пайдалану үшін таратылды, жергілікті басылымда жарияланды.

Облысымыздағы 33 мал базары иелерімен ветеринарлық құжатсыз және бірдейлендіру рәсімін өтпеген малды сатуға кіргізбеу туралы меморандумдарға қол қойылды, 21 базарда дезинфекциялық тосқауылдар орнатылды, базарлардың басым көпшілігі ветеринар-дәрігер кабинетімен, қажетті ветеринариялық құралдар және аспаптармен қамтамасыз етілді. Облыс прокуратурасының тапсырмасы аясында облыстық кірістер департаментімен мал сатуға делдалдық қызмет көрсететін 29 тұлға анықталып, олар салық төлеуші ретінде есепке алынды.

Біздің өңірге басқа облыстардан мал көп тасымалданады. «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес, сырттан әкелінетін үй жануарлары карантиннен өтуі міндетті. Мысалы, облыстағы ең ірі мал базарлары орналасқан Шымкент қаласы мен Сайрам, Арыс аудандарында 2016 жылы мүлдем карантиндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл бар-жоғы 546 бас ірі қара мал карантиннен өткен.

Облыс прокуратурасымен осы мәселе бойынша облыс әкіміне хат жолданып, құзырлы органдарының карантиндеу жұмысына жете назар аудару қажеттілігі ескертілді.

«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» демекші, бірлескен іс-шаралар арқылы ғана қылмыспен күресуде оң жетістіктерге жетуге болатыны алқа мәжілісінде айтылып, жоба аясында қосымша атқарылатын жұмыстар нақтыланды.

Ә.Қожахметов,

Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*