Главная » Алдыңғы толқын » ШЕРХАН МҰРТАЗА. БІР КЕМ ДҮНИЕ

ШЕРХАН МҰРТАЗА. БІР КЕМ ДҮНИЕ


Қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты ой-толғаныс кітабы – оқырман қауым іздеп жүріп оқитын қажетті дүниеге айналды. Жазушының кітаптағы үзік ойлардың бір парасын ұсынып отырмыз.

***

Дар мен даңқ

Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды.

Бас айыптаушы прокурор Вышинский.

СССР Жоғарғы Сотының бастығы В.Ульрих.

Атылды:

Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев… тағы басқа аса iрi қайраткерлер.

Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады.

Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар.

Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой.

Бәлкiм, кiнәсiзден «кiнәлi» болғандардың жағдайы о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой.

Мiне, бұл бiрегей кем дүние.

***

Ауыл иттері

Ахмет Байтұрсынов:

– Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деп еді-ау.

Әттең, дүние-ай, 1937 жылы біздің әкейді де өз ауылымыздың шолақ белсенділерінақақтан жала жауып, ұстатып жіберді де, жоқ қылды ғой. Обалы кімге?… Қорлықты көп көрдік қой.

1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылған, айдалған, асылғандардың бәрі кейін ақталды.

Бірақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тірілген жоқ.

Бір кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.

***

Бір уыс топырақ

Смағұл Сәдуақасов ерен ақыл-ойдың және батыл әрекеттердің иесі болған екен. Туған халқы үшін шын күрескер. Мұндай адам сол кездегі Мәскеуге ұнамайды-ақ. Ақыры Сталин өкіметі оны Ростов на Дону деген жаққа жұмысқа жіберіп, сол жақта белгісіз жұмбақ өлімге тап болады. Мәйітін Мәскеуге жеткізіп, крематорий дегенге салған ғой, күлі ғана қалады.

Смағұл әйгілі Әлихан Бөкейханның күйеу баласы еді. Әлекеңді сол жолы крематорийден Тұрар Рысқұлов, тағы бір қзаақ, сірә, Нұрмақов, сүйеп алып шығады.

Сөйткен Тұрардың өзі де 1938 жылы көктемде Сталин тізімімен атылды.

Әлихан Бөкейханға да Сталин оғы атылды. Сүйегі қайда қалғанын білмеймін.

Есіл ерлерге, сөйтіп, туған жерден топырақ та бұйырмаған ғой.

Әттең, бір кем дүние.

***

Қайда?

Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады.

Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы «1943» деп жүр.

Тұрар Рысқұлов туралы «Служение народу» атты қомақты кiтап жазған москвалық профессор В.М.Устинов:
– Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген, – дейдi-дағы, сыбырлап: — Аштан өлген, 1943 жылы, – дейдi.

«Ақыр байдың баласы аштан өлген». Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет!

Тым болмаса моласы да жоқ.

Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi.

Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?!

Бiр кем дүние.

***

Көреген көсем

Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бесінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» деп аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда – түрік шайханасы.

Түстікте бір үйден кейін – Есіл-өзен. Оған төніп тұрған – Кенесары ескерткіші.

Әлихан Бөкейхан – Алашорда көсемі. Соның атындағы көше – айбын.

Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейханов былай дейді:

«Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айырылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады… Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қлды, ал жайылымнан айырылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді».

Арада елу жыл өткеннен кейін орыс жазушысы Чивилихин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді.

Сөйтсем көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады.

Имансыз жауыз заман, залым дүние.

***

Бір тамшы жас

О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.

Сен жасыңда дәуiрледiң.

Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.

Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!

Қазанды сол қиратты.

Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.

Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.

Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние — шын кем дүние болар едi.

***

Қазақ көп пе, аз ба?

Алыптардың бiреуi Ғабит Мүсiрепов айтты:

– «Бiз жиылсақ — көппiз, жайылсақ — жоқпыз», – деп.

– «Бiз мына кең далаға сыймай жүрген жоқпыз, сыйыспай жүрмiз», – деп.

Соңғы санақ бойынша 8 миллионның ар жақ-бер жағы. Содан берi, бәлкiм, 9 миллион болған шығармыз. Шет елдерде, шамада, 5 миллион бар дейiк.

Шығыстағы айдаһар елi — 2,5 миллиард. Батыс пен терiстiктегi Аю елi – 150 миллион.

Тiптi iргемiздегi өзбектер 20 миллионнан артықпыз деп мақтанады.

Ғасырлар бойы соғыс-сойқан, ашаршылық, жоңғарлар, патшалар, Сталин, Голощекин, Хрущев…

Қытай көптiгiнен бала тууды шектейдi. Бiз неменеге жетiсiп шектеймiз?! Бiздiң ханымдар бiр-екi баламен қақайып қалады. Үкiмет көп баланы лайықтап қолдамайды. Тiптi халқы көп деген Ресейдiң өзi көп балалыларды қошеметтеп, көмектесiп жатыр.

«Аз халықтың маңдайында бақ тұрмайды» деушi едi. Алла өзi жар болсын!

Бiр кем дүние.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*